28.11.2022, 12:43 17136

Парламент Сенатына сайлау кестесі бекітілді

Парламент Сенатына сайлау кестесі бекітілді
Астана. 28 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Ертеңнен бастап еліміздің 20 өңірінде Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты.
 

Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннің ертеңінде басталады. Бүгін "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде Жарлықтың мәтіні ресми түрде жарияланды. Яғни, бүгіннен бастап Жарлық күшіне енеді. Соған орай кандидаттарды ұсыну ертеңнен басталып, дауыс беруге 1 ай қалғанға дейін сағат 18:00-де, яғни, 14 желтоқсан күні жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады. Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алған сәттен басталып, дауыс беруге 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де тәмамдалады. Кандидаттарды тіркеу барлық құжаттар алынғаннан кейін жүргізіледі", - деді ол бүгін ОСК отырысында.

 
Оның атап өтуінше, Сенат депутаттығына кандидаттарды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың сайлау комиссиялары қажетті құжаттары түгел және сайлау жарнасы төленген кезде тіркейді.
 

Бүгінде сайлау жарнасы 900 мың теңгені құрайды. Бұл констутциялық заңда 15 ең төменгі айлық мөлшерінде айқындалған жарнаға сай келеді. Қазіргі уақытта ең төменгі айлық 60 мың теңгені құрайды. Сайлау алдындағы үгіт 19 күнге созылады. Ол кандидаттарды тіркеу аяқталған сәттен басталып, сайлау қарсаңындағы күні жергілікті уақыт бойынша 00:00-де аяқталады. Яғни, үгіт жұмыстары 24 желтоқсан күні сағат 18:00-ден 2023 жылдың 13 қаңтар күні сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі", - деді Константин Петров.

 
ОСК төрағасы орынбасарының дерегінше, Сенат депутаттарын сайлау таңдаушылардың бірлескен отырысында өтеді және олардың 50 пайыздан астам қатысқан кезде сайлау өтті деп саналады. Ал дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың 50 пайыздан астамының қолдауына ие болған кандидат Сенат депутаты болады.
 

Жалпы, науқан бүгіннен бастап, 14 қаңтарға дейін жалғасады. Кандидаттарды ұсыну мерзімі 16 күнді, тіркеу мерзімі - 26 күнге дейінгі уақытты құрайды. Сайлауалды үгіт жұмыстары 19 күнге созылады. Тыныштық күні - 13 қаңтар. Дауыс беру күні - 14 қаңтар. ОСК 7 күннің ішінде, яғни, 20 қаңтардан кешіктірмей сайлау нәтижесін анықтап, бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы ақпарат жариялайды", - деді ол.


Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы" Жарлыққа қол қойды.
 
Тоқаевтың айтуынша, алдағы Сенат пен Мәжіліс сайлауы сындарлы диалог, пікірталас арқылы проблемалық және даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны