09.02.2023, 08:20 20966

Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 12,3 мыңнан асты

Сирияда 1200-ден астам адам қайтыс болды
Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 12,3 мыңнан асты
Сурет: twitter/@dw_turkce
Анкара. 9 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12,3 мыңнан асты, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Төтенше жағдайлар мен апаттар жөніндегі басқарманың (AFAD) мәліметінше, Кахраманмараштағы зілзала салдарынан 12 391 адам көз жұмды, 62 914 адам жарақат алды.

Халықты орналастыру үшін 70 818 шатыр тігілген.

AFAD дерегіне сәйкес, 6 ақпан күні Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Кеше, 8 ақпанда түрік елінде 5,4 магнитудасымен тағы бір сілкініс тіркелді.

Кеше Түркиядағы жер сілкінісі кезінде төрт қазақстандық хабар-ошарсыз кеткені белгілі болды. Олардың үшеуі Хатай провинциясында, біреуі - Адана қаласында. 8 ақпан күні кешке үйінділердің астынан тірі қазақстандық Сабина Мамадиярова табылды.

Біздің азаматтарымызды Антакьядан іздейтіндерге арналған Telegram чатында бұл жерде жоғалған қазақстандықтарды іздеу жалғасып жатқаны хабарланды. Іздеу үшін крандар, дрондар немесе камерасы мен тепловизоры бар радиобасқару құралдары қажет екені атап өтілді.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Қазақстан Түркия Республикасына шұғыл көмек көрсетуге 1 миллион доллар бөледі. Тиісті қаулыны ҚР Үкіметі 2023 жылғы 8 ақпанда қабылдады.

Сондай-ақ, Қазақстан Түркияға құтқарушылардың екінші тобын жіберді. Қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамды құрайды.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны