07.11.2022, 12:40 14096

ҰҚК бұрынғы басшыларына қатысты іс сотқа берілді

Қылмыстық іс Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарау үшін жолданды.
ҰҚК бұрынғы басшыларына қатысты іс сотқа берілді
Сурет: Polisia.kz
Астана. 7 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істі зерделеу нәтижесі бойынша тергеу органының айыптау актісін бекітті. Қылмыстық іс Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарау үшін жолданды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
 

Айыпталушылар К.Қ. Мәсімов (ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы) және А.Т. Садықұлов (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) мемлекетке опасыздық жасау (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) туралы баптар бойынша сотқа берілді", - деп хабарлады Бас прокуратура.

 
Сонымен қатар, "Д.Е. Ерғожин (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) билікті күшпен басып алғаны (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы)".
 
М.С. Осиповке (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары), Д.М. Акиповқа (ҰҚК департамент бастығының бұрынғы орынбасары) және Н.К. Бекмуратқа (ҰҚК-ның бұрынғы басқарма бастығы) Қылмыстық кодекстің 362-бабының әртүрлі бөліктері бойынша айып тағылған.
 

Қылмыстық іс "өте құпия" белгісімен тергелген және сотпен де осы тәртіпте қаралатын болады", - деп атап өтті Бас прокуратурада.

 
Естеріңізге сала кетейік, 8 қаңтарда комитеттің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Кейін ҰҚК іс бойынша билікті күшпен басып алуға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша тергеу басталғанын нақтылады. Мәсімовпен қатар ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарлары: "А" арнайы тағайындау қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де ұсталып, іс бойынша өтуде. Мәсімовтің ісі ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша тергелуде.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны