19.03.2023, 07:00 18426

Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр

Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр
Сайлаушылар тізіміне 12 миллион 32 мың 550 азамат енгізілген

Астана. 19 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
 
Сағат 07.00-де Қазақстанда сайлау учаскелері ашылып, дауыс беру басталды.
 
ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 миллион 32 мың 550 азамат енгізілген.
 

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2023 жылғы 19 наурызда елорда уақытымен сағат 7.00-дегі жағдай бойынша өңірде 8272 учаске дауыс беруге кірісуде. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 12 шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанындағы 13 учаске дауыс беруге кірісті", - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

 
Оның айтуынша, 92 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылдаған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды.
 
Қазақстан Республикасының аумағындағы уақыт белдеулерінің шекараларына сәйкес 5 өңірдің: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының учаскелері елорда уақыты бойынша сағат 08.00-де дауыс беруге кіріседі.
 
Шетелдегі 64 учаске дауыс беруге уақыт белдеулерінің айырмашылығын ескере отырып кіріседі.
 
Республикада дауыс беруге арналған 10 223 учаске бар. Оның ішінде Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерінде 62 елде 77 учаске бар.
 
Сайлауда сайлаушыларға 5 бюллетень беріледі:
 
  • партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру үшін;
  • бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру үшін;
  • партиялық тізімдер бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасының астанасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру үшін;
  • бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасының астанасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру үшін;
  • бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Қазақстан Республикасының облыстық маңызы бар қалалары мен аудандары мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру үшін.
 
Әрбір бюллетеньде "Барлығына қарсы" деген баған бар.
 
Естеріңізге сала кетейік, 19 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген болатын. Мәжіліс депутаттарын сайлаумен қатар барлық деңгейдегі (аудандық, қалалық, облыстық) мәслихаттар депутаттарын сайлау өткізіледі.
 
Айта кету керек, биылдан бастап мәжілісті қалыптастыру тәртібі өзгерді. Осы сайлау науқаны жаңа сайлау ережелері мен нормалары бойынша өткізіледі. Биыл Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде жаңа пропорционалды-мажоритарлық үлгіге көшу, Парламент Мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын жою және азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы жоғары ұлттық заң шығарушы орган палаталарының бірін қалыптастыру, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссияларының жұмысын кәсіби негізге көшіру жүзеге асырылды.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, қазір Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізімдер бойынша, 29-ы бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын болады. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы алынып тасталады.
 
Сондай-ақ, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттарын мажоритарлық жүйе бойынша сайлау жөніндегі ережелерді заңнамалық реттеуге бағытталған түзетулер енгізіледі.
 
Мәжіліс партиялық тізімдер бойынша - 70%, сондай-ақ бір мандатты округтер бойынша - 30% құрылатын болады. Облыстық мәслихаттар - партиялық тізімдер бойынша - 50%, бір мандатты округтер бойынша - 50% депутаттар. Аудандық мәслихаттар - толығымен бір мандатты округтер бойынша.
 
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ОСК 18 ақпанда сағат 18.00-де еліміздің барлық 7 саяси партиясының Парламент Мәжілісіне кандидаттардың партиялық тізімдері тіркелген, оған 281 кандидат енгізілген, оның ішінде 107 адам - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, олар, заңнамаға сәйкес, жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауы тиіс тізімге енгізілген.
 
ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бірмандаттық округтер бойынша Парламент Мәжілісіне 13 наурыздағы жағдай бойынша 385 кандидат тіркелгенін хабарлай отырып, кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы дипломаттарды хабардар етті. Ең үлкен бәсекелестік Астана және Алматы сайлау округтерінде байқалды, ол бір мандатқа 38 және 40, сондай-ақ 30, 28 және 27 кандидатты құрайды. Тіркеу қорытындысы бойынша ең аз бәсекелестік Түркістан облысының №25 округінде - бір мандатқа 4 кандидат.
 
ОСК басшысы өз сөзінде халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 13 наурызда аяқталғанын атап өтті. Орталық сайлау комиссиясы 793 байқаушыны, оның ішінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ, ЕҚЫҰ ПА, ТМД ПА, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, Түркі мемлекеттері ұйымдары, ТүркПА, ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ, Жерорта теңізі Парламенттік Ассамблеясы, сондай-ақ 41 шет мемлекеттен байқаушылар Миссиясының өкілдерін аккредиттеді.
 
ОСК Төрағасы екіжақты ынтымақтастық желісі бойынша сайлауды байқау үшін 16 елдің Орталық сайлау комиссияларының өкілдері, оның ішінде Әзербайжан, Молдова, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан Орталық сайлау комиссияларының төрағалары келетінін айтты.
 
Орталық сайлау комиссиясы сайлауға 33,4 млрд теңге бөлінгенін хабарлады.
 
Сайлаудың мәтіндік трансляциясы:
 
 
 
 
 
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны